Accessibility links

ШҚО: Наразы ерлі-зайыпты зейнеткерлер ішкі істер министрімен кездесті


Ерлі-зайыпты зейнеткерлер Владимир және Валентина Тарасовтар ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовпен кездесуден соң. Өскемен, 13 желтоқсан 2016 жыл.
Ерлі-зайыпты зейнеткерлер Владимир және Валентина Тарасовтар ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовпен кездесуден соң. Өскемен, 13 желтоқсан 2016 жыл.

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары, ерлі-зайыпты зейнеткер Владимир және Валентина Тарасовтар Азаттыққа осы аптада Өскеменде жоспарлаған аштықтарын жарияламайтынын хабарлады. Бұған себеп - олар облыс әкімі Даниал Ахметовтің ұсынысымен ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовпен кездескен. Зейнеткерлер Қасымовпен 13 желтоқсанда облыс әкімі Даниал Ахметовтің ұсынысымен облыстық әкімдікте кездескен. Кездесуде жергілікті БАҚ өкілдері де болған.

Министрмен кездесуде Тарасовтар ұлдары Григорий Тарасовтың өлімін тексеру барысына қатысты арыз-шағымдарын негіздеуге тырысқан. Зейнеткерлер кәсіпкер ұлдарын 2013 жылы ақпанда әлдекімдер өлтіріп кеткен деп санайды. Тарасовтардың сөзіне қарағанда, тергеу әділ жүргізіліп жатқан жоқ. Олар тергеушілер ұлдарын кездейсоқ оқиғадан қаза тапты деп тұжырым жасай беретінін, ал өздеріне кейбір мүдделі адамдар, оның ішінде күш құрылымдары өкілдерінің тарапынан қысымға ұшырап отырғанын айтады. Ішкі істер министрі Тарасовтардың шағымдары мен өтініштерін қарауға уәде берген.

Тарасовтың айтуынша, Қасымов екі жыл бұрын да, телебайланыс кезінде тергеу барысына қатысты шағымдарын қарауға уәде берген. Бірақ содан бері бұл іс бойынша айтарлықтай нәтиже болмаған.

2013 жылы 39 жасында көз жұмған кәсіпкер ұлдарының өлімін тексеруге наразы азаматтар биыл 1 шілдеде облыстық және бас прокуратураға, ішкі істер министрлігіне хат жазған. Тарасовтар бұған дейін тергеу тобы бастығын ауыстыртқызған. Соңғы рет олар қыркүйекте облыс әкімдігінің алдында аштық жариялаған. Тергеушілер "Григорий Тарасов жазатайым қаза тапқан", дейді, ал оның жақындары "баламызды бизнесін тартып алу үшін бір топ адам өлтірген" деп біледі.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG