Accessibility links

Астана Әблязовті заңмен қудалауды тоқтатпақ емес


Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (сол жақта) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.
Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (сол жақта) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.

Қазақстан бұрынғы банкир, "аса ірі көлемде қаржы жымқырды" деп айыпталған Мұхтар Әблязов пен оның серіктерін ұстау, тергеу жүргізу, соттау және келтірілген залалды қайтарудың заңда қаралған барлық шараларын жасайды деп хабарлады бүгін Қазақстан бас прокуратурасы.

Әблязовтің Францияда босатылуына қатысты жариялаған мәлімдемесінде бас прокуратура Қазақстан құқық қорғау органдарының Әблязовқа "бөтеннің мүлкін жымқыру, ысырап ету, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру, банк қаржысын заңсыз пайдалану, қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" және "ұйымдасқан қылмыстық топ құру" сияқты айыптар таққаны айтылады. Прокуратураның мәліметінше, Әблязов пен оның серіктері "7,5 миллиард доллардан астам қаржыны жымқырған".

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Сол күні Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойғаны туралы шешімін жариялады. Мемлекеттік кеңес бұл шешімді БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Нильс Мельцер Франция билігін қамауда отырған Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадицияламауға шақырғаннан кейін қабылдаған. Мельцер мәлімдемесінде: «Франция қандай да бір адамды азаптауға ұшырау мүмкіндігі жоғары елге беріп жібермеуі тиіс» деген.

Бұған дейін Франция соты Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы шешім шығарып, Франция премьер-министрі Мануэль Вальс тиісті жарлыққа былтыр қыркүйектің 17-і қол қойған еді. Әблязовтың адвокаттары ол шешімнің үстінен Франция мемлекеттік кеңесіне шағымданған.

Мұхтар Әблязов Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отырды. Ресей мен Украина Франциядан оны қайтаруды сұраған. Қазақстан Франциямен экстрадиция туралы келісім жасаспаған.

Кеше Ресей бас прокуратурасы Әблязовті экстрадицияламау туралы шешімге "негізсіз, халықаралық құқық нормаларына сай емес және бұған дейінгі француз сотының шешіміне қайшы" деп наразылығын білдірген.

Қазақстан бас прокуратурасы Әблязов пен оның серіктері "көптеген қылмыстар жасағаны үшін" Қазақстан мен Ресейде ғана емес, Украина мен Швейцарияда да қудаланып жатқанын, ал Ұлыбритания соты оны сырттай 22 айға соттағанын айтады.

Әблязов өзіне тағылған айыптар саяси мақсатты көздейді деп санайды. Түрмеден босап шыққан соң Facebook-те жариялаған жазбасында ол өзінің "Назарбаев режимімен күресі 16 жылға созылғанын, әлі жалғасатынын" жазды.

XS
SM
MD
LG