Accessibility links

Ресей соты: Джемилевті елге кіргізбеу тыйымы - заңды


Мұстафа Джемилев, Украина азаматы, Қырым татарларының өзін-өзі басқару органы - Меджлистің бұрынғы басшысы.
Мұстафа Джемилев, Украина азаматы, Қырым татарларының өзін-өзі басқару органы - Меджлистің бұрынғы басшысы.

Ресей Жоғарғы соты украиналық депутат, Қырым татарларының жетекшісі Мұстафа Джемилевтің бес жылға дейін елге кіруіне салынған тыйымды заңды деп тапты. Жоғарғы сот Джемилевтің адвокаты Марк Фейгиннің Мәскеу қалалық сотының тыйым салу туралы шешіміне берген апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. "Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, іс материалдары "құпия" деп танылғандықтан, сот жабық түрде өткен.

Украина азаматы, Қырым татарларының өзін-өзі басқару органы - Меджлистің бұрынғы басшысы Мұстафа Джемилев Ресейдің Қырымды заңсыз аннексиялап алғанына қарсылық танытқан. 2014 жылы Ресей билігі Джемилевтің "экстремистік" пікірлері үшін елге кіруіне бес жылға дейін тыйым салған. Ресейде Джемилевтің үстінен үш айып бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ оған қандай айыптар тағылғаны жарияланған жоқ. Оған сырттай қамауға алу туралы ордер шығарылып, халықаралық іздеу жарияланған.

Биыл сәуірде Ресей билігі Қырым татарларының Меджлисін "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Украина, АҚШ, Еуропа Одағы мен Түркия тыйымды айыптаған.

XS
SM
MD
LG