Алматыда жыныстық зорлық-зомбылық проблемаларына қарсы "Үндемей қалма" ("Не молчи") қозғалысы қатысушылары балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасалған болуы мүмкін делінген бірқатар өтініштерді тексеру барысында құқық органдары қызметкерлері мен медициналық сарапшылар әрекетсіздік танытқаны туралы мәлімдеді. Бұл туралы бүгін Алматыда "Балаларымыз зорлық-зомбылыққа ұшырау үшін туған жоқ" деген атаумен өткен баспасөз мәслихатында азаматтық белсенді Дина Смайылова мен адвокат Айман Омарова айтты.
Олардың сөзінше, қазір "зорлау туралы, соның ішінде балаларға қатысты жасалған зорлық оқиғалары туралы істерді сотқа дейін жеткізу өте қиын". Адвокат Айман Омарованың пікірінше, бұған адамдармен тікелей жұмыс істейтін полицияның кіші қызметкерлерінің кәсіби деңгейінің әлсіздігі де себеп. "Олар істі сотқа жеткізгеннен гөрі жауып тастағанды жөн көреді" дейді Омарова.
Сонымен бірге бүгін Қазақстанның адам құқығы жөніндегі бюросының баспасөз орталығында сөз сөйлеген аналар балаларының әр кезеңде жыныстық зорлыққа ұшырағаны және жыныстық сипаттағы іс-әрекеттерді бастарынан өткергені туралы айтты.
"Күдіктілерді ұстаған кезде оларға құқықтарын түсіндіреді, бірақ қазіргі уақытта жәбірленушіге өзіне адвокат жалдауға тура келеді" дейді Дина Смайылова.
"Үндемей қалма" еріктілер қозғалысы қоғамдық-азаматтық негізде жәрдем көрсететін психологтар мен заңгерлерді біріктіреді.
Баспасөз мәслихатында Қазақстанда жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар жария еткен деректер бойынша, балаларға қарсы жыныстық зорлық оқиғаларының 69 пайызы отбасында жасалады.