Accessibility links

Шымкентте Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алды


Еске алу шарасына қатысушылар 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылы Жаңаөзенде құрбан болғандарға құран оқыды. 16 желтоқсан 2016 жыл.
Еске алу шарасына қатысушылар 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылы Жаңаөзенде құрбан болғандарға құран оқыды. 16 желтоқсан 2016 жыл.

Бүгін Шымкентте ондаған белсенді 1986 жылғы желтоқсанда Алматыда билікке қарсы наразылық білдірген қазақ жастарының шеруіне қатысушыларды еске алды. Олар қаладағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы көшедегі үйлердің бірінің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтайша алдына гүл шоқтарын қойды.

Шараға қатысушылар 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы құрбандарымен бірге Жаңаөзенде 2011 жығы мұнайшылар ереуілі кезінде полиция оғынан қаза тапқандарды еске алды. Сонымен бірге биыл Атырауда үкіметтің жер реформасына қарсылық шеруіне қатысып, кейін бірнеше қылмыстық айып бойынша бес жылға сотталған атыраулық белсенділер туралы да айтты.

- Осыдан 5 жыл бұрын Жаңаөзенде де көтеріліс болды. Бүгінгі күні Атыраудағы жер үшін митингіге шығып, халықтың пікірін жеткізіп, ар-намысын көтерген атыраулық белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаев сотталды, - деді шарада сөйлеген профессор Шаруа Пірмат.

Бұдан кейін жиналғандар Қазақстанның азаттығы жолында құрбан болғандардың рухына бағыштап құран оқыды.

1986 жылы желтоқсанның 17-18 күндері Алматыда Мәскеудің Қазақстан басшылығына Геннадий Колбинді тағайындауына наразылық білдірген қазақ жастарының шеруі өтті. Совет өкіметі шеруді күшпен басып, оған қатысушыларды жазалады, 99 адам сотталды. Солардың бірі 21 жастағы студент Қайрат Рысқұлбековке ату жазасын беріп, кейін оны 25 жыл түрме жазасына алмастырды. Қайрат Рысқұлбеков 1988 жылы Семей түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза болды.

XS
SM
MD
LG