Accessibility links

ЕО Сирияға байланысты Ресейге қысымды күшейтпек


Сирияның Алеппо қаласы. 15 желтоқсан 2016 жыл.
Сирияның Алеппо қаласы. 15 желтоқсан 2016 жыл.

Еуропа Одағы Сириядағы жанжалға араласқан мемлекеттерге дипломатиялық қысымды күшейтуді жалғастырады. Бұл туралы Брюссельде Еуропа Одағы саммиті кезінде Еуропалық кеңес басшысы Дональд Туск мәлімдеген. Германия канцлері Ангела Меркель Сириядағы жағдайға байланысты Ресейге қарсы санцкия енгізу мәселесінде «ешбір вариантты жоққа шығаруға болмайды» деген.

Бұған дейін Reuters агенттігі дипломатиялық ортадағы дерек көздеріне сілтеме жасап, Еуропа Одағы елдері жетекшілері 2014 жылы наурызда Мәскеу Қырымды аннексиялағаннан кейін Ресейге салынған санкцияларды тағы жарты жылға ұзартуға келіскені жөнінде хабарлаған.

Дональд Туск Еуропа Одағының кей елдері Ресейге қарсы санкцияны бір жылға созуды ұсынғанымен, ЕО санкцияны алты айға ұзарту туралы шешімге келгенін растады. Қазір қолданыстағы санкцияның мерзімі 2017 жылғы қаңтардың 31-і күні аяқталуы тиіс.

Бұған дейін желтоқсанның 15-і күні Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі Сирияның Алеппо қаласында қалыптасқан жағдайға байланысты Лондондағы Ресей мен Иран елшілерін шақыртқаны туралы хабарланған. Британ сыртқы істер министрі Борис Джонсон Ресей мен Иран Алеппоның шығыс бөлігі қоршауда болған айларда бейбіт тұрғындарға гуманитарлық жүк жеткізуді жеңілдетпей, халықаралық гуманитарлық заңдарды орындау жөніндегі өз міндеттемелерін атқармады деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG