Accessibility links

Алматыда Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алды


«Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл қою. Алматы, 17 желтоқсан 2016 жыл.
«Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл қою. Алматы, 17 желтоқсан 2016 жыл.

Бүгін Алматыда 1986 жылғы желтоқсанның 17-інде совет билігінің шешіміне қарсы орталық алаңға шыққан қазақ жастары шеруі - Желтоқсан оқиғасын еске алды.

Сенбі күні Алматыдағы Желтоқсан мен Сәтпаев көшелерінің қиылысындағы Желтоқсан құрбандарына орнатылған «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл қою шарасына 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандар мен құрбан болғандардың туыстары, Алматы әкімі Бауыржан Байбек, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, жазушы Софы Сматаев, жастар ұйымдары өкілдері және өзге адамдар қатысты. Гүл қойғаннан кейін жергілікті мешіт имамы құран оқыды. Бұдан соң жиналған жұрт әкімдік ұйымдастырған асқа кетті.

Бұл кезде Республика алаңындағы Тәуелсіздік ескерткіші алдында бір топ адам Желтоқсан оқиғасында және 2011 жылы Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында мұнайшылар ереуілі кезінде полицияның оғынан қаза тапқан құрбандарды еске алып, құран бағыштап тұрған еді. Бұдан соң олар «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне барып гүл қойды. Бұл топта Рысбек Сәрсенбай, Әміржан Қосанова, Гүлжан Ерғалиева, Маржан Аспандиярова және басқа белсенділер болды.

Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алу
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:49 0:00

1986 жылы желтоқсанның 17-сі күні Қазақстан басшылығына сырттан әкелінген адамды тағайындаған Мәскеудің шешіміне қарсылық білдірген студент және жұмысшы жастар Алматының орталық алаңына жиналып, биліктен басшыны жергілікті халықтың пікірін ескеріп тағайындауды талап еткен. Совет өкіметі шеруді күшпен басып-жаныштады. Көптеген адам оқудан шығарылып, жұмыстан қуылды. 99 адам әртүрлі мерзімге сотталды, екі адам ату жазасына кесілді.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың барлығы ақталды.

Желтоқсан оқиғасымен бірге бұл күндері Қазақстанда бес жыл бұрын Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуіліне полиция күш қолданғанда қаза тапқандарды да еске алып жатыр. Ресми ақпарат бойынша, Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні 16 бейбіт тұрғын қаза тапқан, ертесінде Жаңаөзенге жақын Шетпе кентінде бір адам мерт болған.

XS
SM
MD
LG