АҚШ жетекшілік ететін анти-террорлық халықаралық коалиция күштері Сирияда «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы басып алған ежелгі Пальмира қаласы маңында әуеден соққы берген. Бұл туралы ақпарат АҚШ қарулы күштері орталық басшылығы сайтында жарияланды.
AFP таратқан ақпаратта әуе соққысы нәтижесінде исламшылдардың 14 әскери танкі, үш артиллериялық жүйесі, екі ғимарат пен екі тактикалық көлік құралы жойылғаны туралы айтылған.
Сәрсенбі күні «Ислам мемлекеті» экстремистері Пальмираны алғаннан кейін ондағы беренді техника және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін қолына түсірген болуы мүмкін екені жайлы айтылған еді. АҚШ әскерилерінің мәлімдеуінше, исламшылдар қолға түсірген қару-жарақ халықаралық коалиция күштеріне қауіп төндіруі мүмкін.
Пальмираны 9 ай бойы ұстаған «Ислам мемлекеті» экстремистік тобын биыл наурызда үкімет армиясы ығыстырып шығарған еді. Желтоқсанның 10-ы күні исламшылдар шабуыл бастап, Пальмираны қайта басып алған.