Accessibility links

Жаңаөзенде бес жыл бұрын оққа ұшқан азаматтарды аза тұтты


2011 жылғы желтоқсанның 16-сында Жаңаөзен оқиғасында оқ тиіп қаза болған Аманбек Тұрғанбаевтың ата-анасы немерелерімен бірге. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2016 жыл.
2011 жылғы желтоқсанның 16-сында Жаңаөзен оқиғасында оқ тиіп қаза болған Аманбек Тұрғанбаевтың ата-анасы немерелерімен бірге. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2016 жыл.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында осыдан бес жыл бұрын мұнайшылар ереуіліне қарсы полиция оқ атқан кезде құрбан болған 16 азаматтың отбасылары марқұмдарды бүгін екінші күн аза тұтып жатыр.

Сенбі күні Рахат Көшеров, Атаберген Дүйсекенов, Байбек Құбайдуллаев пен Жаңаберген Көшеровтың отбасылары марқұмдарға арнап мал сойып, құран бағыштады. Жұма күні Радик Юсупов пен Аманбек Тұрғанбаевтың үй-іші марқұмдарды аза тұтты.

Жаңаөзенде 2011 жылғы оқиғада 24 жасында мерт болған Радик Юсуповтың анасы Рая Юсупова ұлының артында қалған кішкентай қызы қазір ес біліп қалғанын айтады.

- Ол қазір балабақшаға барып жүр. Күнде жылайды, себебі басқа балаларды әкеліп, алып кетуге әкелері келеді, ал оның әкесі келмейді. Біз осылай өмір сүріп жатырмыз. Билік бір оқпен отбасымызды үш мүшесінен айырды, - деді Рая Юсупова Азаттыққа.

Радик Юсуповтың сүйегін 2011 жылы желтоқсанның 17-сі күні үй-іші Жаңаөзендегі мәйітханадан тапқан. Жаңаөзенде полиция алаңдағы жұртқа оқ атқаны туралы интернетте тараған видеода Жаңаөзендегі орталық алаң шетінде кеуде тұсы қанға боялған жігіттің сұлқ жатқан бейнесі бар. Анасы Рая Юсупованың сөзінше, бес жыл өтсе де ештеме ұмыт болмаған.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сында Жаңаөзен оқиғасында оқ тиіп қаза болған Байбек Құбайдуллаевтың анасы Күләш Құбайдуллаева. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2016 жыл.
2011 жылғы желтоқсанның 16-сында Жаңаөзен оқиғасында оқ тиіп қаза болған Байбек Құбайдуллаевтың анасы Күләш Құбайдуллаева. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2016 жыл.

27 жасында оққа ұшқан Аманбек Тұрғанбаевтың әкесі Төрехан Аманбаев «оқ атқан кім» деген сауалға әлі күнге жауап іздеумен келе жатқанын айтады.

- Біздің мәселемізбен айналысатын адвокат табылса әділет іздеп, сотқа жүгінуге дайынбыз. 97 полиция қызметкерінің тек бесеуі 5-6 жылға сотталып, мерзімінен бұрын шығып кетті. Олардан ешқандай моральдық шығын да өндірілмеді, - дейді ол.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзенде еңбек дауымен жеті айға жуық уақыт қала орталығындағы алаңда ереуілде тұрған мұнайшылар шеруін күшпен басу кезінде полиция қарудан оқ атқан. Ресми ақпарат бойынша, Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанның 16-сында 16 бейбіт тұрғын қаза тауып, жүзден астам адам жараланған, ертесінде Жаңаөзенге жақын Шетпе кентінде бір адам мерт болған.

Халықаралық демократиялық қауымдастық Қазақстан үкіметінің іс-әрекетін айыптап, қантөгістің мән-жайын анықтау үшін толық және әділетті тергеу жүргізуге шақырған.

XS
SM
MD
LG