Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин кезекті 37-кездесуін 18 наурызда Нью-Йоркта (АҚШ) өткізеді. Бұл туралы Головкин 18 желтоқсанда өзінің Twitter блогында мәлімдеді.
Головкиннің қарсыласы орта салмақта WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы америкалық Дэниэл Джейкобс болмақ. Головкин бұл тұжырым бойынша супер әлем чемпионы. WBA екі чемпион - Головкин мен Джейкобстің кездесуі міндетті деп атаған.
29 жастағы Джейкобс кәсіпқой бокста 33 жекпе-жек өткізіп, біреуінде ғана жеңілген. Ал Головкин 36 кездесу өткізіп, барлығында жеңген. 33 жекпе-жекті нокаутпен аяқтаған.
34 жастағы Головкин - орта салмақ дәрежесінде (160 фунт – шамамен 73 кг) WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы.