Украинаның Донецк облысында желтоқсанның 18-інде әскери операция жүргізілген ауданда укариналық бес әскери қаза тауып, алтауы жараланған. Киевтің мәліметі бойынша, оқиға жексенбі күні таңертең Дебальцево елді мекені түбінде сепаратистермен екі сағатқа созылған қарулы қақтығыс барысында болған. 20 адамы қаза тауып, 30-ға жуығы жараланған сепаратистер украиналық әскерилерді позицияларынан шегіндіре алмаған.
Жанжал аймағында жүрген"1+1" телеарнасының түсірілім тобы Светлодар доғасы маңында шайқас жалғасып жатқаны туралы хабарлады. Журналистердің соңғы ақпараты бойынша, украиналық 26 жаралы сарбаз госпитальге жеткізілген, кемінде тағы төрт жаралыны оқ астындағы жерден шығара алмай жатыр.
Украиналық билік жағының мәліметінде түн ортасынан бастап күні бойы сепаратистер Мариуполь, Донецк және Луганск бағыттарында украиналық әскерилер позицияларын атқылаған. Өзін өзі «Луганск халық республикасы» деп жариялап алған сепаратистер Луганск облысындағы Калиновка елді мекені тұсындағы өздері бақылайтын аймаққа шепті бұзып өтпекші болған украиналық әскерилердің 10 сарбазы қаза тауып, 20-сы жараланған деп мәлімдеген. Сепаратистер өз қатарынан екі адам мерт болып, екеуі жараланғаны туралы хабарлаған.
Донбаста жыл басынан бері 180-нен аса 180 украиналық әскери қызметкер қаза тапқан. Осы кезең ішінде атысты доғару режимі 12 мыңнан аса рет бұзылған.