Accessibility links

Арменияда Ресей сарбазының өмірлік түрме жазасы күшінде қалды


Аветисяндар отбасы мүшелерін жаппай өлтріген деп айыпталған ресейлік әскери қызметкер Валерий Пермяков (оң жақта) сот залында. Гюмри, 18 қаңтар 2015 жыл.
Аветисяндар отбасы мүшелерін жаппай өлтріген деп айыпталған ресейлік әскери қызметкер Валерий Пермяков (оң жақта) сот залында. Гюмри, 18 қаңтар 2015 жыл.

Армения апелляциялық соты дүйсенбі күні ресейлік әскери қызметкер Валерий Пермяковты жеті адамды өлтіргені үшін өмір бойы түрмеге қамау туралы сот үкімін күшінде қалдырды деп хабарлайды "Интерфакс" агенттігіне сілтеме жасаған Азаттықтың Орыс қызметі.

Апелляциялық сот істі қайта қарауды сұраған Пермяковтың адвокатының өтінішін және келген зиянды өндіртіп алуды сұраған жәбірленуші тарап өкілдерінің арызын қанағаттандырмай тастаған. Дүйсенбідегі отырысқа тек прокурор ғана қатысқан. Бұған дейін Пермяков арыз беруден бас тартатыны және сотқа қатысқысы келмейтіні туралы мәлімдеген. Апелляциялық сот шешімімен келіспейтін тараптың ол туралы шағым түсіруіне бір ай уақыты бар.

Тамыздың 23-і күні Арменияның бірінші деңгейлі соты Пермяковты 2015 жылғы қаңтардың 12-і күні Гюмриде Аветисян отбасының жеті мүшесін (арасында екі бала бар) өлтіргені үшін айыпты деп танып, өмір бойы бас еркіндігінен айыруға үкім еткен. Пермяков айыбын мойындаған.

Бұның алдында Ресейдің Солтүстік-Кавказ әскери гарнизондық соты Пермяковты әскерден қару мен оқ-дәрі алып қашып кеткені, қаруды заңсыз иеленіп, сақтап, пайдаланғаны үшін айыпты деп танып 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Бұған қоса Ресей құқық органдары Аветисян отбасы мүшелерін жаппай өлтіруге байланысты Пермяковтың үстінен іс қозғаған, бірақ кейін ол істі Армения тарабына тапсырған.

Аветисян отбасының туыстары бұған дейін моральдық шығын ретінде 450 мың еуро өндіртіп алуды сұрап, Ресейдің үстінен сотқа шағым түсірген. Олар бойында психикалық ауытқушылығы бар адамды қарулы күштер қатарына алғаны үшін Ресей билік орындары жауап берулері керек деп санайды.

XS
SM
MD
LG