Accessibility links

Ресейдің Түркиядағы елшісі қастандықтан өлді


Андрей Карловтың өнер галереясында қастандықтан сәл бұрын сөйлеп тұрған кезі. Анкара, 19 желтоқсан 2016

Анкарада қастандық жасалып, ауруханаға жеткізілген Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карлов қаза болды деп хабарланды. Бірқатар жетекші әлемдік БАҚ-тың жазуынша, "елшіге түрік полицей Ресейдің Алепподағы іс-әрекеті үшін шабуыл жасағанға ұқсайды". Өнер галереясында жасалған шабуыл кезінде бірнеше адам жараланған. Бір күн бұрын Түркияда Ресейдің Сирия президенті Башар Асадты қолдағанын айыптаған қоғамдық наразылық акциясы өткен.

Қара түсті костюм-шалбар, ақ көйлек киіп, қара галстук таққан қастандық жасаушы ер адам Карлов мәдени іс-шарада сөз сөйлей бергенде тапаншамен оқ атқан. "Анкара полицейі Мевлют Мерт Алтинташ" деп сипатталған шабуыл жасаушы полициямен атыс кезінде оққа ұшты деп хабарланды.

Ресейдің сыртқы істер министрлігі Андрей Карловтың шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенін растады. Көп кешікпей министрлік дипломаттың мерт болғаны туралы ресми мәлімет жариялады.

Қастандықтан соң іле-шала Түркия президентінің әкімшілігі "Тайып Ердоған Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті" деп мәлімдеді.

Дипломаттың денесі жеткізілген аурухана алдында журналистерге сұхбат берген Анкараның мэрі Мелих Гокчек "бұл қастандық Түркияның Ресеймен қарым-қатынасын бұзуды көздеген" деді.

Ресей мен Түркия - Сириядағы азаматтық соғысқа араласқан елдер. Бес жарым жылдан астам уақытқа созылған соғыс кезінде Ресей Сирияның автократ президенті Башар Асадты қолдап, былтыр оппозициялық көтерілісшілерге қарсы әскер кіргізді. Түркітілдес аз санды этностардың қауіпсіздігін сақтау деген желеумен Түркия да Сирияға әскер кіргізіп, шекараның екі бетіндегі күрд жасақтарына қарсы операция жүргізіп жатыр. Елден екі миллион сириялық босып кетті.

XS
SM
MD
LG