Accessibility links

Астана Ресей елшісіне жасалған қастандықты айыптады


Ресей елшісіне қастандық жасалған өнер галареясы маңында тұрған түрік полицейлері. Анкара, 19 желтоқсан 2016 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловқа жасалған қастандықты қатаң айыптады. Андрей Карловқа қастандық 19 желтоқсанда Анкарада жасалған. Елші өнер көрмесінің ашылуында сөйлей бастағанда оған көпшіліктің арасынан ер адам тапаншамен оқ атқан. Елші ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілгенімен, ұзамай қаза тапқан.

"Егеменді мемлекеттің уәкілетті өкіліне қарсы терроризм актісі үрей тудырып, Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасына іріткі салу пиғылымен жасалған. Ресей тарапына, марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз және Түркия құқық қорғау органдары бұл жаулық актіні мұқият түрде тексеріледі деген үміттеміз" делінген министрліктің мәлімдемесінде.

Парламент сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Ресей елшісіне жасалған қастандықты "Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға талпынған әрекеттерге кедергі келтіруді көздейтін" теракт деп бағалады.

Елшіге қастандық жасалардан бір күн бұрын Түркияда Ресейдің Сирия президенті Башар Асадты қолдағанын айыптаған қоғамдық наразылық акциясы өткен.

Ресей мен Түркия - Сириядағы азаматтық соғысқа араласқан елдер. Бес жарым жылдан астам уақытқа созылған соғыс кезінде Ресей Сирияның автократ президенті Башар Асадты қолдап, былтыр оппозициялық көтерілісшілерге қарсы әскер кіргізді. Түркітілдес аз санды этностардың қауіпсіздігін сақтау деген желеумен Түркия да Сирияға әскер кіргізіп, шекараның екі бетіндегі күрд жасақтарына қарсы операция жүргізіп жатыр. Елден екі миллион сириялық босып кетті.

АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Джон Кирби АҚШ-тың қастандықты айыптайтынын мәлімдеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG