Accessibility links

Сайлаушылар алқасы Трампты ресми түрде сайлады


Дональд Трамп, АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті.

АҚШ-тың сайлаушылар алқасы Дональд Трампты АҚШ президенті етіп ресми түрде сайлады.

Сайлаушылар алқасы 8 қарашада өткен сайлау қорытындысын нақтылап, Трамп көпшілік дауыс алған барлық штатта дауыс берді. Трамп сайлаушылар алқасында барлығы 304 дауыс жинады. Техас штатындағы екі республикашыл сайлаушы ғана оны қолдамады.

Демократ Хиллари Клинтон 227 дауыс жинады. Вашингтон штатында сайлаушылар алқасының демократ екі мүшесі бұл штатта жеңген Клинтонды емес, басқа кандидатты қолдап дауыс берді. Гавай штатында бір дауыс Клинтонның праймериз кезіндегі қарсыласы Берни Сандерске берілді.

Сайлаушылар алқасының мүшелері саны АҚШ конгресінің қос палатасы мүшелерінің санымен бірдей - 538 адам. Мұндағы әр штаттың дауыс саны халық саны бойынша анықталады. Кандидат президент болып сайлану үшін 270 дауыс жинау керек.

АҚШ-тағы бұл соңғы сайлауда Демократиялық партияға хакерлік шабуыл жасалғанына байланысты дау туындаған. Шабуылды Ресей арнайы қызметі ұйымдастырды деген болжам жасалған. Кейбір белсенділер осыған байланысты республикашыл сайлаушыларды Трампты қолдаудан бас тартуға шақырған.

XS
SM
MD
LG