Accessibility links

Қазақстан БҰҰ-да Қырымға қатысты қарарға қарсы дауыс берді


БҰҰ Бас ассамблеясындағы Қырымдағы адам құқығы жағдайы туралы қарарға дауыс беру қорытындысы. Нью-Йорк, 19 желтоқсан 2016 жыл.
БҰҰ Бас ассамблеясындағы Қырымдағы адам құқығы жағдайы туралы қарарға дауыс беру қорытындысы. Нью-Йорк, 19 желтоқсан 2016 жыл.

Қазақстан мен Армения БҰҰ Бас ассамблеясында Украина ұсынған Қырымға қатысты қарарды қолдаудан бас тартты. 19 желтоқсанда өткен дауыс беруде Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілі қарарды қолдамауын "қарар жобасы дағдарысты реттеп, диалог орната алмайды, керісінше Ресей мен Украина қарым-қатынасын тығырыққа тірейді" деп түсіндірген.

"Біздің дауыс беруіміз Қырымның мәртебесіне қатысты ұстанымымызды білдірмейді" деді Қазақстан өкілі.

Ол сонымен қатар Қазақстан "адам құқығы мәселесін саясиландыруға қарсы" екенін, құжаттың өзі Бас ассамблеяның үшінші комитетінің құзырына жатпайтынын айтқан.

Армения өкілі "Ереван адам құқығы мен демократияны қолдайтынын білдіргенімен, халықаралық құқық саласында иерархия орнату әдісін қолдай алмайтынын" айтқан.

БҰҰ Бас ассамблеясы 19 желтоқсанда Ресей аннексиялап алған Қырымдағы адам құқығы жөніндегі қарарды мақұлдаған. Украинаның қарарын БҰҰ-ға мүше 70 мемлекет қолдап, 26 мемлекет қарсы дауыс берген, 77 мемлекет қалыс қалған.

БҰҰ Бас ассамблеясы үшінші комитеті 15 желтоқсандағы жиынында Украина ұсынған "Қырым автономиялық республикасы мен Севастополь қаласындағы адам құқығы жағдайы" деп аталатын қарар жобасын мақұлдаған. Құжатта бірінші рет Ресей "басқыншы мемлекет" деп, ал Қырым мен Севастополь "уақытша оккупациялап алынған территориялар" деп танылған.

15 желтоқсанда Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Ресейді "Қырым татарларын жүйелі түрде қудалап жатыр" деп айыптаған.

XS
SM
MD
LG