Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бүгін биыл жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі бір пайызды құрайды деп болжайтынын мәлімдеді. Астанада үкіметтің әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің орындалуына қатысты қорытынды жиынын ашқан Сағынтаев 2016 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 0,8 пайызды құрағанын айтты.
"Қазір барлық резервті пайдаланып отырмыз. Біз әкімдермен және компаниялардың басшыларымен сөйлестік. Біз жылды бір пайыздық өсіммен аяқтай аламыз. Сондықтан осы бағытта барлық күшті сарп етуіміз керек" деген Сағынтаев.
Қазақстан билігі осы айдың басында ОПЕК-пен және оған кірмейтін мұнай өндіруші елдермен мұнай бағасын тұрақтандыру жөнінде келісім жасасқан. Келісім бойынша, Қазақстан күн сайын өндіретін мұнай көлемін 20 мың баррелге дейін азайтуға міндеттеме алған.
Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі сәуірде биыл Қазақстанның ЖІӨ көлемі 1 пайызға азаяды деп болжаған. Наурызда Standard & Poor's агенттігі 2016 жылы Қазақстанның ЖІӨ көлемі нөл пайыз шамасында болады немесе сәл ғана азаяды деп болжаған.