Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинге осы елдің Түркиядағы елшісінің қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карлов Анкарада 19 желтоқсанда фотокөрмеде сөйлеп тұрғанында жас жігіт оны тапаншамен атып жаралаған. Кейін Ресей сыртқы істер министрлігі елшінің ауыр жараланып қаза тапқанын хабарлаған.
Назарбаевтың баспасөз қызметі таратқан телеграмма үзіндісінде елшіге жасалған қастандық "теракт" деп сипатталған. Телеграммада Қазақстанның "терроризмнің кез-келген формасы мен көрінісін қатаң айыптайтыны" айтылған.
Бүгін бұдан ертерек Путинге елшінің қазасына байланысты Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев көңіл айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Карловқа қастандық жасауды "теракт" деп айыптаған.