Accessibility links

Петропавлда хоккей алаңының жабындысы құлады


Петропавлда жабындысы опырылып құлаған хоккей корты. 20 желтоқсан 2016 жыл.
Петропавлда жабындысы опырылып құлаған хоккей корты. 20 желтоқсан 2016 жыл.

Петропавлда жабық хоккей алаңының жабындысы құлап түсті деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Хоккей алаңы 19-шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласына салынғандықтан жабық мұз айдынының ғимараты құлаған кезде жақын маңда тұрғындар болған. 20 желтоқсанда болған төтенше оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.

Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Валерий Евдокименконың сөзінше, бұл нысан түске дейін де жабық болған.

- Корттың төбе жабындысының 80 пайызы құлады. Хоккей алаңын қайта тұрғызу жайы әзірге белгісіз. Арнайы комиссия шешімін күтеміз, - дейді Валерий Евдокименко.

Валерий Евдокименко, Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы. 20 желтоқсан 2016 жыл.
Валерий Евдокименко, Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы. 20 желтоқсан 2016 жыл.

Ол корт демеушілердің қаражатымен 15 миллион теңгеге салынғанын айтады. Алдын ала болжамдар бойынша, корт шатыры қардың салмағына шыдас бермей құлаған. Нақты себептері мен шығын әлі тексеріліп жатыр.

- Хоккей жабыны түскі сағат 1 кезінде балалардың дайындықтары бітіп, түскі үзіліске жабылғанда құлады. Осы алаңды жанталасып, бір-ақ аптада салып шықты ғой. Енді міне сапасы көрініп тұр, - дейді қала тұрғыны Елизавета Конопилькина.

Хоккей алаңы осыдан 2 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген болатын. Нысанды Лисаковскінің "Спецстальконструкция" компаниясы салған. Аталған компания Қазақстанның басқа да қалаларында осыған ұқсас тағы 15 нысанды тұрғызған. Солардың бірі - осы хоккей алаңы болса, тағы бірі - "Қарасай" футбол стадионының аумағында орналасқан. Апаттан кейін онда да шұғыл дайындық жұмыстары тоқтатылды.

XS
SM
MD
LG