Accessibility links

Сот белсенді Уласикті психиатрлық ауруханадан босатпады


Наталья Уласик, жезқазғандық белсенді.

Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы жезқазғандық азаматтық белсенді Наталья Уласикті арнайы психиатрлық ауруханаға мәжбүрлі түрде жатқызу туралы сот қаулысын өзгертпеді. Уласик әлеуметтік желілерде биліктің атына сыни жазбалар жазып жүретін және оны бұрын өзімен бірге тұрған ер адам "жала жапты" және "тіл тигізді" деп сотқа берген.

Бұған дейін Жезқазған қалалық соты сот-медициналық сараптама Уласикті "ақыл-есі дұрыс емес" деп тануына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатып, Алматы түбіндегі Ақтас ауылына жақын психиатрлық ауруханада күштеп емдету туралы қаулы қабылдаған. Сараптамада Уласиктің "бұрыннан сандырақтау ауруына шалдыққаны" және "қоғамға аса қауіп төндіретіні" айтылған.

Наталья Уласиктің қорғаушысы белсендіні күштеп психиатрлық ауруханада емдету туралы сот қаулысын жоюды сұрап апелляциялық шағым түсірген. "Сот қаулысында Уласиктің қоғамға нендей қауіп төндіретіні анықталып, көрсетілмеген. Сонымен қатар жеке шағым бойынша сотқа тартылған адамның не себепті ұсталып, қамалғаны және ақыр соңы психиатрлық ауруханаға жіберілгені айтылмаған. Бұл іс бойынша Уласиктің заңға қайшы әрекет жасағаны немесе басқа да жағдайлар анықталмады" делінген Наталья Уласик қорғаушысының шағымында.

Апелляциялық алқа соты Жезқазған қалалық сотының қаулысын заңды және негізі бар деп тауып, Уласик өкілінің шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. Апелляциялық сот бұл қаулы енді кассациялық алқада қаралмайтынын және ол заңды күшіне енетінін айтады. Уласиктің қорғаушысы апелляциялық сот шешімінің қаулысының көшірмесін осы аптада алған.

XS
SM
MD
LG