Сирияның Алеппо қаласының шығыс бөлігінде 21 желтоқсан күні кешке көтерілісшілер мен бейбіт тұрғындарды эвакуациялау жалғасты. Сирия ерікті армиясының өкілі Осама Абу Заид адамдарды тасымалдау қар жауып тұрғанына қарамастан түні бойы жалғасатынын мәлімдеді. Абу Заид "Әл-Арабия" телеарнасына бұл туралы Сирия-Түркия шекарасында жүргенінде айтты. Алеппо аймағында жүрген БҰҰ-ның дереккөзі Reuters-ке эвакуацияның жалғасатынын растады.
Бұған дейін Сирияның мемлекеттік SANA агенттігі Алеппоның батыс жағында көтерілісшілер бақылауында тұрған аймақтарға 20 шақты автобус жөнелтілетінін хабарлады. Эвакуация аяқталған соң үкімет әскері қаланы толық бақылауына алады. Халықаралық Қызыл Крест комитеті бұл аймақтан ауруханада жатқан соңғы науқастардың әкетілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар жедел медициналық көмек қажет тұрғындардың барлығы да эвакуацияланған.
Қызыл Крест комитетінің мәліметінше, соңғы аптада қаладан автобустармен 25 мыңдай адам кетіп қалған. Эвакуация Сирия президенті Башар Асад пен оның одақтастарының әскері Алеппоның шығыс бөлігін көтерілісшілерден қайтарып алған соң Ресей мен Түркияның арағайындығымен қақтығысты тоқтату туралы келісімге сай жасалып жатыр.