Accessibility links

Ақтөбеде бұрынғы полиция басшысы "мұнай ұрлығына" қатысты қамалды


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).

Ақтөбе соты 21 желтоқсан күні облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) басшысының бұрынғы орынбасары Рахат Ахановты екі ай мерзімге қамауға алуға санкция берді. Судья Зинаида Шмированың айтуынша, Рахат Аханов полицияда лауазымды қызмет атқара жүре "мұнай ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қолдау көрсеткен". Тергеу оған Қылмыстық кодекстің 197-бабы 4-бөлімінің 1-пункті мен 262-бабы 3-бөлімі бойынша айып тағып отыр.

Мемлекеттік айыптаушы Айбек Шоқпаровтың сөзіне қарағанда, 2014-2016 жылдар аралығында Рахат Аханов "полицияда басшылық қызмет атқара жүре заңсыз мұнай айналымынан көлденең табыс тапқан". Күдікті өзіне тағылған айыппен мүлдем келіспейді.

Рахат Аханов 2015 жылғы маусым айына дейін бес жыл бойы Ақтөбе облыстық ІІД басшысының бірінші орынбасары болған.

- Ішкі істер министрлігі маған осы мәселемен айналысу үшін бір ай мерзім берді. Мереке өткен соң Астанадан Ақтөбеге келіп, тергеуге қолдау көрсетпек болып жүргенмін. Тергеуге кедергі келтірейін деген ойым болған емес. Отбасылы адаммын. Науқас анам бар. Өз денсаулығым да нашар. Сол қолым ұйып қала береді. Әрі погон тағып жүрген адаммын. Маған сенуге болады. Мені изоляторға қамамай, үйқамаққа алуларыңызды сұраймын, - деді Рахат Аханов сот алдында сөйлеген сөзінде.

Рахат Аханов 19 желтоқсан күні Астанада ұсталған. Күдікті мен оның адвокатының өтінішіне қарамастан сот оны екі айға қамау туралы шешім қабылдады.

Ақтөбе облысы мен Қазақстанның кейбір аймағында 7 желтоқсан күні жүргізілген арнайы операция барысында мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысқан деген күдікпен бірнеше адам ұсталған болатын. Тергеу лауазымды полицей Рахат Аханов осы топқа қолдау көрсеткен деп санайды.

ҰҚК желтоқсанның 7-сі күні комитет қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және тағы кей аймақта "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікке ілінген топтың жолын кесу операциясын жүргізгенін хабарлаған. Арнайы қызмет қанша адам ұсталғаны, тұтқындау қай жерде болғаны туралы нақты ақпарат бермеді. Операция барысында күдіктілерден өзге мұнай мен мұнай өнімдері бар автоцистерналар да тәркіленген.

ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG