Accessibility links

Сот Слекишинаның жазасын өтеуін 5 жылға шегерді


Наталья Слекишина (оң жақта) мен оның адвокаты Айман Омарова. Алматы, 30 қыркүйек 2016 жыл.
Наталья Слекишина (оң жақта) мен оның адвокаты Айман Омарова. Алматы, 30 қыркүйек 2016 жыл.

Бүгін Алматы облысының Іле аудандық соты судьясы Ертарғын Сәдуақасов Наталья Слекишинаға жазасын өтеу мерзімін 5 жылға шегеруге рұқсат етті.

Кәмелет жасына толмаған екі баласы бар екенін, түрмеде өзін зорлағаннан кейін үшінші рет босанғанын айтқан Слекишина жазасын өтеуді қазір бір жасқа толмаған кіші қызы кәмелетке келгенге дейін қалдыруға рұқсат беруін сұраған.

Слекишинаның адвокаты Айман Омарованың айтуынша, үкім 15 күннен кейін күшіне енеді.

Наталья Слекишина 2015 жылы қылмыстық кодекстің 192-бабы 3.2-бөлімі ("Ірi мөлшердегі мүлiктi жымқыру мақсатында жасалған қарақшылық") бойынша айыпталып, сегіз жылға сотталған. Ол қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде отырған кезде зорланғанын биыл жазда мәлімдеген. Ол тергеу орнында отырған кезде өзін түрменің төрт қызметкері зорлап, содан жүкті болып, бала тапқанын айтқан. Бірақ күдіктілер айыпты жоққа шығарған. Кейін сараптама нәтижесінде сәбидің әкесі түрме қызметкерлерінің бірі екені анықталған.

Қыркүйектің 30-ы күні Алматының Түрксіб аудандық соты түрме қызметкері Руслан Хакимовты "зорлау", "азаптау" және "билiгін немесе лауазымдық өкiлетін асыра пайдалану" бойынша айыпты деп танып, тоғыз жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG