АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трампқа жазған хатында Ресей президенті Владимир Путин екі ел арасындағы қарым-қатынастарды қалпына келтіруге шақырған.
Трамп жұма күні жария еткен хатта Путин Мәскеу мен Вашингтон арасындағы, әсіресе Ресейдің Украинадағы жағдайға араласуы мен АҚШ демократиялық партиясына қарсы хакерлік шабуылдардың артында Кремль тұр деген айыптаулардан кейін күрт бәсеңдеген әріптестік байланысты жандандыруға үміт білдірген.
Екі ел кездескен ғаламдық және аймақтық қауіп-қатерлер салмағы бүгінгі таңда әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін АҚШ пен Ресейдің өзара қарым-қатынасының маңызды роль атқаратынын көрсетіп отыр деп жазған Кремль басшысы.
Желтоқсанның 15-і күні жазылған хатта сонымен бірге Путин Трампты алда келе жатқан Рождество және Жаңа жыл мерекелерімен құттықтаған.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Трампқа Путиннің "екіжақты байланысты жолға қою" туралы хат жолдағаны туралы хабарды растаған.