Accessibility links

Еуропалық оңшыл саясаткерлер Шенген аймағына қарсы шықты


Франциялық Ұлттық майдан партиясы жетекшісі Марин Ле Пен.

Францияда 2017 жылы өтетін президент сайлауына қатысқалы отырған әсіреұлтшыл Ұлттық майдан партиясының жетекшісі Марин Ле Пен Шенген аймағында емін-еркін жүріп-тұру саясатын Еуропадағы қауіпсіздікке қатер төндіреді деп сынға алды.

Ол Германия астанасында рождество мерекесіне арналған жәрмеңкеде жасалған терактіге күдікті адамның ұсталғанға дейін Еуропадағы бірнеше елдің аумағынан өтіп кетуін ұлттық шекаралардың болмауымен байланыстырған. Ле Пен егер президент сайлауында жеңіске жететін болса Францияны Шенген аймағынан шығаруға уәде берген.

Ле Пенді Ұлыбританиядағы оңшыл Біріккен корольдік тәуелсіздік партиясының лидері Найжел Фараж қолдаған. Ол шекаралардың ашық болуы Еуропа тұрғындарына қауіп төндіреді деп мәлімдеген.

Францияда президент сайлауы 2017 жылы көктемде өткізілмек. Жақында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелері Ле Пенде сайлаудың екінші кезеңіне өту мүмкіндігі барын көрсеткен. Оның саяси бәсекелесі франциялық "Республикашылдар" жетекшісі Франсуа Фийон анағұрлым басымдылыққа ие болғанымен, сарапшылар сайлаушылар Ле Пенге айтарлықтай қолдау білдіреді деген болжам айтады.

XS
SM
MD
LG