Accessibility links

Қырғызстан мүфтиі кәмелетке толмағандар некесіне тыйым салды


Мешітке некесін қиюға келген жас жұбайлар. 30 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)
Мешітке некесін қиюға келген жас жұбайлар. 30 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, мүфти Мақсат Токтомушев елдегі молдаларға кәмелетке толмаған адамдардың некесін қиюға тыйым салатын бұйрық шығарған. Бұған дейін жаңалықтарда пәтуа туралы хабар тараған еді, бірақ мүфти пәтуа емес, бұйрық шығарған деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Мүфтидің бұйрығы Қырғызстанның отбасы және қылмыстық кодекстеріне енгізілген өзгертулерге сай шығарылған. Онда Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасында тіркелген дін қызметкерлеріне кәмелетке толмаған жастың некесін қиюға тыйым салынатыны айтылған.

Қолданыстағы заңдарға қарашаның соңында енгізілген өзгертулерге сәйкес, діни қызметкерлер мен кәмелетке толмағандардың ата-аналары мемлекеттік органдардың тіркеуінсіз кәмелетке толмағандардың некесін қиғаны немесе ондай рәсімге қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Статистикалық мәліметтер бойынша, Қырғызстанда жас қыздардың 15 пайызы 18 жасқа дейін, ал бір пайызы – 15 жасқа толмай тұрмысқа шығады.

XS
SM
MD
LG