Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху палестин жеріне еврей қоныстарын салуды доғаруды талап еткен БҰҰ қарарын "масқара" деп атаған. Ол әлгі талапты орындамайтыны туралы мәлімдеген.
AFP агенттігінің хабарлауынша, БҰҰ қарарында "Израиль басып алған территория" ретінде Иерусалимдегі көптеген еврей кварталдарының аталуы Израильдің наразылығын тудырған.
Желтоқсанның 23-і күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Израильден палестин жеріне еврей қоныстарын кеңейтуді доғаруды талап еткен қарар қабылдаған. Құжатты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 14 мүшесі қолдап дауыс берген, АҚШ қалыс қалған.
АҚШ ұзақ жылдардан бері алғаш рет Израильге қарсы қабылданған құжатқа вето қойған жоқ. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына қатысты АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп "өз инаугурациясынан кейін барлығы басқаша болатыны" туралы мәлімдеген.