Accessibility links

Шымкентте үш адам терроризм айыбымен сотталды


Қазақстандағы терроризмге қатысты соттардың бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы терроризмге қатысты соттардың бірі. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот үш адамды – Қарағанды облысының тұрғындары Самат Жолдыбаев пен Александр Кривановты және Асил Токоровты терроризмге қатысты айыппен соттады.

"Ислам мемлекеті" террористік ұйымының құрамына кіретін террористік топ мүшелерімен тығыз байланыста болған" деп айыпталған Самат Жолдыбаев пен Алекстандр Криванов қылмыстық кодекстің 257-бабының 2-бөлігі, 28-бабының 5-бөлігінде, 24-бабының 1-бөлігінде, 192-бабының 4-бөлігінің 1, 2-тармақтары бойынша 9 және 8 жылға сотталды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі дерегінше, Самат Жолдыбаев пен Алекстандр Криванов "террористік ұйымының құрамына кіретін террористік топ мүшелерімен тығыз байланыста болған". Олар "тікелей сол тұлғалардың нұсқауымен 2016 жылдың маусым айында Шымкент қаласында белгілі кәсіпкердің тұрғылықты жерін, оның жанұя мүшелерін, жылжитын және жылжымайтын мүліктерінің орналасқан жерлерін анықтап, оларды суретке түсіріп, бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде қарақшылық шабуыл жасау жолымен жымқыруға дайындалуға көмектескен, бірақ бұл пиғылдарын өздеріне байланысты емес мән-жайлар бойынша соңына дейін жеткізе алмаған" дейді соттың баспасөз қызметі.

Ал "терроризм туралы материалдарды компьютерінде сақтап, оны Қазақстан аумағында насихаттаған" Асил Токоров қылмыстық кодекстің 256-бабының 1-бөлігі, 60-бабының 1-бөлігі бойынша 4 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сотталған үш азаматқа шыққан үкім әзірше заңды күшіне ене қойған жоқ.

Сотқа судья Абсаттар Шахиддинов төрағалық етті.

XS
SM
MD
LG