Берлиндегі жаңа жыл базарына шабуылдады деген күдікті, тунистік Анис Амри кейбір ақпар бойынша Италияға Франция арқылы пойызбен барған. 24 жастағы тунистік босқын 19 желтоқсанда жүк көлігімен келіп жаңа жыл базарындағы адамдарды соғып өткен деген күдікке ілінген. Германия билігі теракт деп бағалаған бұл шабуылдан 12 адам қаза тауып, 50 шақты адам жараланған.
Күдікті үш күннен соң Францияның Лион қаласында теміржол платформасында жүрген жерінде бақылау камераларына түсіп қалған. Бұл туралы тергеушілерге сілтеме жасаған неміс және француз агенттіктері хабарлады. Болжам бойынша, сапарға Амридің бір өзі шыққан.
Күдікті Анис Амриді Италия полициясы Миланда жүргізген ауқымды арнайы операция барысында көзін жойған. Шабуыл жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алды.