Accessibility links

Агенттік: Экипаж Ту-154 ұшағын теңізге қондырмақ болған


Сочи қаласының жағалауында ұшақ апаты құрбандарын іздеу операциясына қатысып жатқан қызметкерлер. Ресей, 25 желтоқсан 2016 жыл.
Сочи қаласының жағалауында ұшақ апаты құрбандарын іздеу операциясына қатысып жатқан қызметкерлер. Ресей, 25 желтоқсан 2016 жыл.

Ресейдің Қара теңізде апатқа ұшыраған Ту-154 әскери ұшағының артқы бөлігінің қирап қалуы ұшқыштың ұшақты суға қондырмаққа талпынғанын көрсетеді деп хабарлады өз дереккөздеріне сілтеме жасаған ТАСС агенттігі. Сүңгуірлер осы кезге дейін теңізден ұшақтың қанаттары мен арт жақ бөлігінің сынықтарын тапты.

Бұған дейін ТАСС Мәскеуге әуе апаты құрбандарының мүрделері мен дене бөлшектері салынған алғашқы ұшақ жеткенін хабарлады. Мәйіттердің бірінің кім екені анықталғанымен, аты-жөні аталмай отыр. "Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, ұшақ құлаған аумақта 80 жолаушының мүрделері мен дене бөлшектері табылған. Ресейлік "Фонтанка" сайты экипаж командирі Роман Волковтың мәйіті табылғанын хабарлады. Бірақ бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ, құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

25 желтоқсанда Сочи аэродромынан Мәскеу уақытымен таңғы сағат 5.20-да ұшып шыққан 8 экипаж мүшесі мен 84 жолаушысы бар ұшақ әуеге көтерілген соң көп ұзамай радардан жоғалып кеткен. Жолаушылар арасында ресейлік әскери қызметкерлер, Сириядағы "Хмеймим" әуе базасындағы Ресей әуе-ғарыш күштері тобын жаңа жыл мерекесімен құттықтауға бара жатқан Александров атындағы ән-би әскери ансамблі мүшелері және ресейлік тоғыз журналист болған.

Мерт болғандардың арасында "Әділетті көмек" қорының жетекшісі, танымал дәрігер Елизавета Глинка да бар.

Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Ту-154 ұшағында теракт болуы мүмкін деген болжамды терістеп отыр. Ведомство апатқа сапасыз жанармай салдарынан ұшақ қозғалтқышының істен шығуы, техникалық ақау немесе ұшқыштың қателігі себеп болуы мүмкін дейді. Әзірге ұшақ бортындағы сөздерді жазып алатын құрылғы табылған жоқ.

XS
SM
MD
LG