Қырғызстан бас прокуратурасы парламенттегі "Ата Мекен" фракциясының депутаты Аида Салянованың үстінен қылмыстық іс қозғады. Салянова қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды деген күдікке ілінген.
Тергеушілер Салянова әділет министрі болып тұрған кезінде сол кезде іздеуде жүрген Алексей Елисеевтің адвокаттық лицензиясын заңсыз ұзартты деп ұйғарады. Елисеев Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиевке жақын адамдардың бірі болған. 2010 жылғы төңкерістен соң Елисеев қуғынға ұшыраған. Қырғызстанда оның сыртынан бірнеше айып тағылып, түрме жазасы кесілген.
Бас прокуратура 26 желтоқсанда Саляноваға қатысты жеке қозғалған қылмыстық өндіріс материалын қарау қорытындысы бойынша оның үстінен "қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бір ай бұрын прокуратура Елисеевтің адвокаттық лицензиясын ұзарту фактісі бойынша іс қозғаған.
Салянова әділет министрі болып тұрған кезде өзінде Елисеевке лицензиясын ұзартудан бас тартуға құқықтық негіз болмағанын айтады. Оның сөзінше, бұл факт бойынша іс қозғау - заңсыз саналады. Депутат бас прокуратураның бұл ісін биліктің өз қарсыластарын қорқытып-үркіту әрекеті деп атады.
Құрманбек Бакиев Қырғызстан президенті қызметінен 2010 жылы сәуірдегі халық толқуларынан соң кетірілген. Ол бейбіт шерушілерге оқ атуға бұйырды деген айыппен сырттай өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілген. Бакиев 2010 жылдан бері Беларусьте тұрады. Минск Бішкектің оны экстрадициялау туралы талабынан бас тартып келеді.