Accessibility links

Ұлттық банк "Қазинвестбанкті" лицензиясынан айырды


Алматыдағы ұлттық банк ғимараты (Көрнекі сурет).

Қазақстан Ұлттық банкі бүгін "Қазинвестбанкті" банктік және құнды қағаздар нарығында басқа да операциялар жасау лицензиясынан айырғанын хабарлады. Ұлттық банк ақпаратына қарағанда, лицензиядан айыруға төлем мен ақша аударымдарына қатысты міндеттемелерін ұдайы бұзу себеп болған. "Қазинвестбанкте" бүгіннен бастап іс жүзінде барлық операция тоқтатылған.

"Қазинвестбанкке" уақытша басшылық тағайындалып, банкті басқарудың барлық органдары уақытша соның құзырына берілген. Ұлттық банк заң бойынша сотқа "Қазинвестбанкті" жоюды сұрап шағымданатынын айтады.

Ұлттық банк "Қазинвестбанк" жеке тұлғалардың депозиттерін міндетті кепілдендіру жүйесінің мүшесі болғандықтан бұл банктің салымшыларына "кепілдендірілген қаржылары белгіленген тәртіпте төленетінін" хабарлады.

"Қазинвестбанк" Қазақстандағы коммерциялық банктердің екінші ондығына кіреді. Ұлттық банк сайтындағы ақпаратқа қарағанда, 2016 жылғы желтоқсанның басындағы көрсеткіш бойынша, "Қазинвестбанктегі" жеке тұлғалардың есебінде 11 миллиард теңгеге жуық қаржы (33 миллион доллар) сақталған, банктің өз балансындағы қаржысы 20 миллиард теңгеден асқан. "Қазинвестбанк" акцияларының 11 пайыздан астамы бұрын қоршаған орта және су ресурстары министрі болған Нұрлан Қаппаровтың жесірі Гаухар Қаппароваға тиесілі. Банк акциясының 88 пайызы - өзге жекелеген акционерлерге тиесілі.

Қазақстанда барлығы 34 банк бар.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG