Accessibility links

Түркістан соты "пара алу кезінде" ұсталған директорға үкім шығарды


Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің ғимараты. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.
Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің ғимараты. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық сотында бүгін осы қаладағы Молда Мұса мектебінің директоры, "мұғалімдерден пара алу кезінде ұсталған" Гүлнәр Нахипбекованың ісі бойынша үкім оқылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Түркістан қалалық соты кеңсесінің мәліметінше, Нахипбекова қылмыстық кодекстің "қылмыс жасауға оқталу", "алаяқтық", "басқа адамды азғыру, параға сатып алу, қорқыту жолымен немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiру", "пара беру бойынша айыпты деп танылды. Осы баптар бойынша судья директорға 1 мың айлық есептік көрсеткіш (2 миллион 121 мың теңге) көлемінде айыппұл салу, жеке мүлкін тәркілеу, мемлекеттік қызметтерді, білім беру басқармаларында директорлық қызмет атқару құқынан өмір бойына айыру туралы үкім кесті.

Судья Нахипбекованы салынған айыппұлды бір ай мерзімі ішінде төлеуге міндеттеді.

Директордың ісі бойынша сот қарашаның 24-і күні қарала бастаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Түркістан аймағы бойынша ауданаралық басқармасы қыркүйектің 19-ында Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің мұғалімдері Света Ысқақова, Жәудір Алтыбай, Айнұр Шериевадан арыз түскенін хабарлаған. Бюро "қыркүйектің 22-сі күні мектеп директорына 80 мың теңге пара берілгені құжаттандырылғанын" айтқан. Тергеу мәліметінше, директор мұғалімдерден ақшаны тексеруге келген комиссияға беру үшін жинаған.

XS
SM
MD
LG