Accessibility links

Иракта журналист әйелді ұрлап әкетті


Ирак картасы (Көрнекі сурет).
Ирак картасы (Көрнекі сурет).

Ирак билігінің мәлімдеуінше, Бағдадта қарулы адамдар журналист әйел Афрак Шавки әл-Каисидің үйіне басып кіріп, журналисті ұрлап әкеткен. Каиси үкімет пен елдегі коррупцияны ашық сынайтын. Ол өзін ұрлаудан бірнеше сағат бұрын Иракта қарулы топтардың жазаланбай әрекет ететініне наразылығын білдіріп, мақала жариялаған.

Ирак премьер-министрі Хайдер әл-Абади қауіпсіздік қызметіне журналисті ұрлау оқиғасын тексеріп, оның аман-сау босатылуына барынша күш салуға тапсырма берді. Бұл оқиға бойынша арнайы тергеу тобы құрылған. "Шекарасыз тілшілер" (RWB) халықаралық ұйымы Абадиді уәдесін орындап, журналисті "барынша тез табуға" шақырды.

Ұйымның бас редакторы Вирджиния Данглдің мәлімдемесінде "Біз журналисті ұрлап әкеткеніне қатты алаңдап отырмыз және оны айыптаймыз. Премьер-министрді сөзінде тұрып, Афрак Шавкиді тауып, қылмысқа жауаптыларды жазалаудың барлық қолдан келген мүмкіндіктерін жасауға шақырамыз" делінген. Ұйым сонымен қатар Ирак үкіметінің елдегі журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттеме алғанын айтады.

Ирак әлемдегі журналистер ұшін ең қауіпті елдердің бірі саналады. Журналистерді қорғау комитетінің (CPJ) мәліметінше, биыл Ирак елде халық санына шаққанда журналистер өлімінің ашылмай қалу саны бойынша әлемде екінші орын алған.

XS
SM
MD
LG