Accessibility links

Черногория "төңкеріс жасамақ болған" екі ресейлікке іздеу жариялады


Черногория полициясы (Көрнекі сурет)
Черногория полициясы (Көрнекі сурет)

Черногория екі ресейлік пен үш сербиялыққа елдің НАТО-ға кіруін жақтайтын үкіметін құлату үшін мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген күдікпен халықаралық іздеу жариялады.

Черногория прокуратурасының 27 желтоқсанда хабарлауынша, бес адам "парламент сайлауы болатын күні елдің премьер-министрін өлтіріп, парламентті басып алу" жоспарына қатысы бар деген күдікке ілінген. Черногорияда парламент сайлауы қазан айында өткен. Ол кезде премьер-министр Мило Джуканович болған.

Кейбір ақпар бойынша, Ресей әскери барлау агенттігінің мүшелері делінген күдікті екі ресейлік Джукановичтің жүріп-тұрған жерін көршілес Сербиядан отырып аңдыған.

Жергілікті агенттіктер іздеудегі сербиялықтың бірін Неманья Пистич деп сипаттайды және оның Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың 12 желтоқсанда Белградқа сапарында жанында жүрген дейді.

Мәскеу Черногорияның айыбын жоққа шығарды. Дегенмен, Кремль өзінің ежелгі серігі Черногорияның НАТО-ға кіруіне қарсы саяси топтарды қатты қолдайды.

НАТО Черногорияны құрамына кіруге бір жыл бұрын шақырған. Бірақ шақыртуды альянстың әлі бірнеше мүшесі ратификацияламады.

Черногория билігі Ресейдің жоғары шенді шенеуніктерінің мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға қатысы барына айғағы жоғын айтады. Черногория бұған дейін төңкеріс жасау ісіне қатысты көпшілігі сербтер мен ресейлік 20 шақты адамды қамауға алған.

XS
SM
MD
LG