Кабулде бүгін жарылыс болып, кем дегенде үш адам, оның ішінде парламент депутаты жараланды.
Ауғанстан ішкі істер министрінің орынбасары Наджиб Данидің хабарлауынша, жарылғыш зат көпірдің астына жасырылған және ол Бамиан уәлаятынан сайланған депутат Факури Бехишти отырған көлікті нысанаға алған болуы мүмкін.
Кабул полициясының басшысы Рахман Рахими шабуылдың Дашти-Барчи ауданында жасалғанын айтады. Жарылыс болған кезде Бехишти парламентке бара жатқан. Кейбір ақпар бойынша, жаралылар арасында оның ұлы да бар.
Жарылыс жауапкершілігін әзірге ешкім мойнына алған жоқ. Бір апта бұрын "Талибан" қозғалысының содырлары Гильменд уәлаятынан сайланған депутаттың үйіне шабуылдап, сегіз адам қаза тапқан.