Accessibility links

Ақышев: "Казкоммерцбанк" салымшыларына алаңдауға негіз жоқ


Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы.
Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев бүгін Астанада "Казкоммерцбанктің" салымшыларын "банктің жағдайына алаңдамауға" шақырды. Ақышев "Казкоммерцбанк" бұған дейін осы айда Ұлттық банктен алған 400 миллиард теңге займның жартысын өтеп қойғанын айтты.

"Қазір "Казкомның" Ұлттық банк алдындағы қарызы 200 миллиард теңгені құрайды. Бұл сома стандартталған, мұның банктің активтеріне қатысы шамалы ғана. Сондықтан алаңдауға ешқандай негіз жоқ" деді Ақышев журналистерге. Оның сөзінше, "Казкоммерцбанк" "жекелеген операциялар" жүргізу үшін займ сұраған.

Осы аптаның басында "Казкоммерцбанк" Ұлттық банкпен және үкіметпен банкті құтқару үшін көмек алу туралы келіссөз жүргізіп жатпағанын және "банктің үздіксіз жұмыс істеуі үшін жеткілікті өтемі барын" мәлімдеген.

"Казкоммерцбанк" мұндай мәлімдемені Bloomberg агенттігі банк Ұлттық банктен "банкті құтқару бағдарламасы" бойынша 400 миллиард теңге шұғыл көмек алғанын хабарлаған соң жасаған. Bloomberg мұндай ақпаратты "Казкоммерцбанкті" қолдау бағдарламасымен таныс деген аты-жөнін атамаған дереккөзінен алғанын айтады.

XS
SM
MD
LG