Accessibility links

Абэ Обамамен бірге Перл-Харборда соғыс құрбандарын еске алды


Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ (сол жақта) АҚШ президенті Барак Обамамен Перл-Харбор әскери базасында. 27 желтоқсан 2016 жыл.
Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ (сол жақта) АҚШ президенті Барак Обамамен Перл-Харбор әскери базасында. 27 желтоқсан 2016 жыл.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ АҚШ президенті Барак Обамамен бірге Гавайи аралындағы Перл-Харбор әскери-теңіз базасына барып, Жапонияның Екінші дүниежүзілік соғыста базаға жасаған шабуылынан құрбан болғандарды еске алды.

"Осында өмірлері қиылған жандарды және осы жерден басталған соғыста құрбан болған әйелдер мен ерлерді қайғыра еске аламын" деді Абэ. 1941 жылы 7 желтоқсанда Жапония қарулы күштерінің Перл-Харборға тұтқиылдан жасаған шабуылынан 2400-ден астам адам қаза тапқан. Бұдан соң АҚШ Екінші дүниежүзілік соғысқа араласқан.

"Біз соғыс қорқыныштарын ешқашан қайталамауымыз керек. Біз, жапон халқы осындай ант бергенбіз" деді Абэ.

Синдзо Абэ сонымен қатар суға батқан USS Arizona әскери кемесінің үстіне салынған мемориалға барды. Шабуылдан кеме суға батып, жүздеген америкалық сарбаз қаза тапқан. Перл-Хорбарға бірінші рет барған Жапония премьері базаға жасалған шабуыл үшін кешірім сұрамады.

Обама Абэнің базаға сапарын "тіпті соғыс салған айықпас жараның өзі достық пен берік бітімге жол беретінін" еске салатын "тарихи ишара" болғанын айтты.

Биыл мамырда Барак Обама АҚШ президенттері арасында тұңғыш рет 1945 жылы америкалық әскерилер атом бомбасын тастаған екі қаланың бірі - Хиросимаға сапарлап барған. Атом бомбасынан жүз мыңдаған адам қаза тауып, Жапония соғыста жеңілген.

Базадағы қысқа еске алу рәсімінен соң Обама мен Абэ 1941 жылғы шабуылдан тірі қалған бірнеше америкалық соғыс ардагерін қабылдады.

XS
SM
MD
LG