Accessibility links

АҚШ сенаторы: Кибершабуылы үшін Путинге жаңа санкциялар салынады


Линдси Грэм, америкалық сенатор.
Линдси Грэм, америкалық сенатор.

Америкалық сенатор Линдси Грэм Ресей мен оның президенті Владимир Путин АҚШ-тағы президент сайлауында жасалған кибершабуылдан соң жаңа санкциялардың салдарын сезінеді деп мәлімдеді.

Оңтүстік Каролина штатынан сайланған республикашыл сенатор Линдси Грэм 28 желтоқсанда Латвияға сапарында конгресс Мәскеу АҚШ-тағы 8 қарашада өткен сайлау барысына килікті деген болжамды тексеріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, АҚШ конгресінің "қоспартиялық" санкциялары Ресей мен Путинге "елеулі соққы жасайды". Грэм жаңа санкциялар туралы тарқатып айтпады.

Ресей билігі бұған дейін президент сайлауына қандай да бір жолдармен киліккенін жоққа шығарған. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова кеше сайлауға килігуді тағы да жоққа шығарып, енгізілуі мүмкін жаңа санкцияларға жауап қайтарылатынын мәлімдеді. "Егер Вашингтон расымен жаңа жаулық әрекеттер жасаса, онда жауабын алады" деді Захарова. Ол "Ресейдің кибершабуылы" туралы ақпарды "Ақ үйдің қолдан жасаған арандатуы" деп атады.

Грэм мен оның әріптестері - Аризона штатынан сайланған республикашыл Джон Маккейн мен Миннесота штатынан сайланған демократ Эми Клобухар Балтық бойы елдеріне үш күндік сапармен барған. Бұдан соң сенаторлар Украина, Грузия және Черногорияға бармақ.

XS
SM
MD
LG