Алматының Медеу аудандық №2 соты бүгін режиссер, "Феникс" фильмін түсіруге бөлінген қаржыны жымқыру ісіне қатысты күдікті деп танылған Талғат Жәнібековті екі айға қамады. Бұл туралы Азаттыққа Жәнібековтің адвокаты Серік Айтбаев хабарлады. Жәнібеков кеше ұсталып, үш күнге қамалған еді. Режиссерді қамау туралы шешімді түстен кейін судья Анина Байдәулетова шығарған.
Серік Айтбаевтың айтуына қарағанда, Талғат Жәнібеков қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша айыпты деп танылған.
Жазда әлеуметтік желіде Талғат Жәнібековтің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын коррупцияға қатысы бар деп айыптаған видеосы шыққан. Қазан айында сот Жәнібековті Мұхамедиұлына "жала жабу" туралы жеке шағымы бойынша бір миллионнан астам қаржы төлеуге міндеттеген.
Өткен айдың басында коррупцияға қарсы қызмет "Феникс" фильмін түсіруге бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловты ұстаған. Кейін ол "кепіл төлеген соң" босатылған.