Ресми ақпарларға қарағанда, 29 желтоқсанда шекарада Армения мен Әзербайжан қарулы күштері арасында болған қақтығыстан кем дегенде төрт сарбаз қаза тауып, бірнешеуі жараланды.
Армения қорғаныс министрлігі "әзербайжан әскерилерінің Армения территориясына ену әрекетінен" туындаған атыста үш солдатының қаза тауып, тағы бірнешеуінің жараланғанын хабарлады.
Ал Әзербайжан қорғаныс министрлігі бір сарбазының қаза тапқанын хабарлады.
Армения қорғаныс министрлігінің өкілі Арцрун Ованнисян Facebook-те Арменияның Чинари кентінде болған ұрыста мерген мылтықтары мен гранатометтер қолданылғанын жазды.
Әзербайжан мен Армения Әзербайжанның этникалық армяндар басым тұратын жікшіл Таулы Қарабақ аймағы үшін жиі жанжалдасып жүр. Таулы Қарабақ Әзербайжаннан 1990 жылдардың басында болған соғыста тәуелсіздігін жариялаған. Ол соғыстан 30 мыңға тарта адам қаза тапқан.
Биыл сәуірде Таулы Қарабақтағы әлсіз бітім бұзылып, армян сепаратистері мен әзербайжан әскерилері арасында төрт күндік ұрыс болған. Ол жанжалдан 75 адам қаза тапқан.