Accessibility links

«Дакар» жарысындағы қазақстандықтар


Astana Motorsports командасының көлігі 2015 жылғы Дакар жарысында (Сурет команданың баспасөз қызметінен алынды).
Astana Motorsports командасының көлігі 2015 жылғы Дакар жарысында (Сурет команданың баспасөз қызметінен алынды).

Оңтүстік Америкада басталған «Дакар» көп күндік жарысына қатысушылар арасында қазақстандық Astana Motorsports командасынан екі экипаж бар.

Қаңтардың 2-сі күні Парагвай астанасы Асунсьон қаласында «Дакар» көп күндік автомарафоны басталды. Парагвай, Боливия мен Аргентина жерінде өтетін раллиде қазақстандық Astana Motorsports командасынан жүк көліктері бәсекесінде Артур Ардавичус, жеңіл көліктер арасындағы жарыста Денис Березовский сынға түсіп жатыр.​

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОМАНДА

Артур Ардавичус «Дакар» жарысына 2011 жылдан бері қатысып келеді. Ол 2012 жылы жүк көліктері категориясы бойынша «КамАЗ» машинасымен жалпы есепте үшінші орын алған. Биылғы жарыста Ардавичус салмағы тоғыз тонналық голландиялық MAN көлігіне мінді. Оған бельгиялық штурман Серж Бринкенс, голландиялық механик Майкл Хьюсман көмектеседі.

"Astana Motorsports" командасының мүшесі Артур Ардавичус (Сурет команданың баспасөз қызметінен алынды).
"Astana Motorsports" командасының мүшесі Артур Ардавичус (Сурет команданың баспасөз қызметінен алынды).

- 2013-2015 жылдары чехиялық Tatra машинасымен қатыстық. Биыл «Астана» президенттік клубы арқасында мықтырақ көлікке міндік. Жанкүйерлеріміз үлкен үміт артып отырғандықтан лайықты өнер көрсетуге міндеттіміз. Былтырғы жарыста MAN көлігін мінген экипаж жеңіске жеткен. Біз [MAN компаниясымен] бір жылдық келісім-шарт жасастық. Егер бұл жолы бәрі жақсы болса, келісім-шартты ұзартамыз, - дейді Ардавичус.

Биыл жүк көліктері бәсекесіне қатысатын 50 команданың арасында Аргентина, Бельгия, Германия, Испания, Италия, Франция сынды елдердің экипаждары бар. «Дакар» жарысына Азиядан тек Қазақстан мен Жапониядан ғана командалар қатысады.

Артур Ардавичус биылғы "Дакарға" осы MAN көлігімен қатысады (Суретті "Астана" президенттік клубының баспасөз қызметі ұсынды).
Артур Ардавичус биылғы "Дакарға" осы MAN көлігімен қатысады (Суретті "Астана" президенттік клубының баспасөз қызметі ұсынды).

​​Ардавичустің айтуынша, бұл жолы оларға ресейлік «Камаз-мастер», беларустік «Маз» және француздың Renault командалары басты бәсекелес болмақ.

Жеңіл көліктер бәсекесіне үш тонналық Toyota Land Cruiser 200 көлігімен қатысып отырған Денис Березовскийдің айтуынша, барлығы 73 жеңіл көлік сынға түсіп жатқан биылғы жарыста Toyota және Peugeot көліктерін мінген командалар фаворит саналады.

Березовскийге осыған дейін «Дакарға» бес рет барған Алексей Никижев штурман ретінде көмектеседі. Никижевтің сөзінше, көлік жүргізушісіне жолды анықтап, бұрылыстарды хабарлап отыратын штурманның жұмысы бұл жолы бұрынғыдан қиындайды.

"Astana Motorsports" командасының көлігі 2015 жылғы Дакар жарысында (Сурет команданың баспасөз қызметінен алынды).
"Astana Motorsports" командасының көлігі 2015 жылғы Дакар жарысында (Сурет команданың баспасөз қызметінен алынды).

- Бұрын біз бақылау бекетіне дейін 800 метрлік радиуста іске қосылатын GPS навигациялық жүйесін пайдалансақ, енді қолымызда тек 300 метрлік радиусте ғана көрсететін жүйе болады. Бұған қоса бақылау нүктесін дәл көрсететін бағдар да болмайды. Қажетті аймаққа енгенде жүйе тек дыбыспен немесе визуалды белгі беріп, нысана жақын маңда екенін ғана ескертеді. Қатысушылар бақылау бекетін табу үшін тек жол кітапшасын ғана басшылыққа алады, - дейді Никижев.

«ИМИДЖ ЖОБАСЫ»

«Дакар-2017» жарысына қатысушы қазақстандық Astana Motorsports командасының мүшелері Азаттық тілшісіне команда бюджеті туралы айтудан бас тартты. Бұл команда Қазақстанның «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан қаржыландырылатын «Астана» президенттік клубы құрамына енеді.

- Бұл - Қазақстан үшін тек имидждік жоба. Спортшылардың дайындығына, көліктер сатып алуға, оларды мұхит арқылы Оңтүстік Америка құрлығына жеткізуге өте көп қаржы кетеді. Осы жобаға бөлінген қаржыны олимпиадалық спорт түрлеріне, ауыл спортын дамытуға жұмсау қажет деп ойлаймын, - дейді спорт шолушысы Асқар Ағатаев.

«Дакар» әлемдегі ең қауіпті ралли саналады. 2016 жылғы жарыс кезінде екі адам мерт болған. Боливия территориясында бір жанкүйерді жарысқа қатысушы көлік басып кеткен. 2015 жылы жарысқа қатысушы польшалық Михал Херник қаза тапқан.

2014 жылғы Дакар жарысында жанып кеткен көлік (Сурет команданың баспасөз қызметінен алынды).
2014 жылғы Дакар жарысында жанып кеткен көлік (Сурет команданың баспасөз қызметінен алынды).

2014 жылы «Дакарға» жеңіл көлік категориясы бойынша қатысқан қазақстандық Бауыржан Исабаевтың машинасы өртеніп, ол жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болған.

Кейбір деректер бойынша, «Дакар» жарысы бастау алатын 1979 жылдан бері барлығы 70-ке жуық адам түрлі жағдайларда қазаға ұшыраған. Олардың арасында жарысқа қатысушы экипаж мүшелері, механиктер, жарысты ұйымдастырушылар, журналистер, жанкүйерлер және басқалар бар. 2007 жылға дейін ралли Африкада өткен. Төтенше жағдайлардың көптігінен 2008 жылы «Дакарды» ұйымдастыру уақытша тоқтатылған. 2009 жылдан бастап көп күндік ралли Оңтүстік Америкада өткізіліп келеді.

Биылғы «Дакар» автокөлік жарысы қаңтардың 14-і күні Аргентина астанасы Буэнос-Айресте мәреге жетпек.

XS
SM
MD
LG