Германия билігі Берлиндегі жаңа жыл базарына шабуыл жасаған Анис Амридің танысын өзге бір қылмыстық іс бойынша ұстады. Германия федералдық прокуратурасының өкілі Фрауке Кёлердің хабарлауынша, ұсталған 26 жастағы Тунис азаматының Берлиндегі 12 адам қаза тапқан шабуылға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Кёлер аты-жөнін атамаған тунистік Амримен 2015 жылдан бері таныс екенін айтты. 19 желтоқсандағы шабуылдан бір күн бұрын олар бір мейрамханада кешкі ас ішкен. Кёлер полиция оның үйіне тінту жасағанын айтады. Оның сөзінше, әзірге биліктің қолында ұсталған адамның шабуылға қатысы барына жеткілікті дәлелі жоқ.
Алайда, Берлин прокуратурасының өкілдері тунистік азаматтың әлеуметтік жеңілдіктер алу үшін алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталғанын айтады.