Accessibility links

Өзбекстан жазаны атқару қызметінің басшысы виртуалды қабылдауын ашты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Өзбекстан ішкі істер министрлігі жазаны атқару бас басқармасының (ЖААБ) бастығы өзінің виртуалды азаматтарды қабылдау қызметін ашты деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек редакциясы. Қабылдауға түрме басшылары немесе қарауылдарынан зәбір көрген тұтқындардың туыстары хабарласа алады.

Виртуалды қабылдау сайтындағы ақпаратқа қарағанда, ЖААБ бастығына түскен әрбір ұсыныс, шағым немесе өтініш ресми деп саналады. Виртуалды қабылдау қызметіне қайырылған адам аты-жөнін, тұратын жерін көрсетіп, мәселесін баяндауы тиіс.

Виртуалды қабылдау қызметінің сайтында тіл тигізетін, жала жабатын және жалған мәлімет беруге тыйым салынатыны айтылады. Виртуалды қабылдау сайтына түскен арыз-шағымдар 10 күн ішінде қаралады.

Қазірге дейін жазаны атқару бас басқармасының виртуалды қабылдауына 20-дан астам шағым түсіп, оның біреуіне ғана жауап берілген. 16 шағым қаралып, біреуі жабылған.

Өткен жылы желтоқсанда сайланған президент Шавкат Мирзияев "Жеке және заңды тұлғалардың шағымдарымен жұмыс істеу жүйесін түбегейлі жетілдіру шаралары туралы" жарлық шығарған. Онда мемлекеттік органдар мен шаруашылық басқару органдары басшылары мен лауазымды тұлғаларының азаматтар мен компаниялардың шағымдары туралы заң талабын бұзғаны үшін жауапкершілігі күшейтілген.

Елді Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан бері басқарып келе жатқан Мирзияев та сайлау кампаниясы кезінде өзінің виртуалды қабылдау қызметін ашқан. Кейбір сыншылар мұны "популистік әрекет" деп санайды.

XS
SM
MD
LG