НАСА 2018 жылы Халықаралық ғарыш станциясына алғашқы афро-америкалық астронавты ұшыратынын хабарлады. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасында (ЦРУ) барлау офицері ретінде қызмет істеген физик әрі ғалым Жанетт Эппс 2018 жылы ғарыш станциясына бортинженер ретінде ұшырылмақ. Оған ардагер астронавт Эндрю Фюстел командир болады.
"Ғарыш станциясына ұшқан әр экипаж өзінің жеке зерттеуін жасайды. Эндрю де, Жанетт те көп нәрсе ұсына алады. Олардың ғарышқа ұшуы ғарыш станциясына пайдалы" деді НАСА-ның Хьюстондағы Джонсон атындағы ғарыштық орталығы астронавтар кеңсесінің басшысы Крис Кассиди.
Бұған дейін он шақты афро-америкалық астронавт түрлі миссиямен ғарышқа ұшқан. Бірақ Жанетт Эппс - халықаралық ғарыш станциясына ұшырылатын алғашқы афро-америкалық астронавт болмақ.
Жанетт 2009 жылы НАСА-ның 20 астронавтының арасынан ғарыш станциясына ұшатын 14 астронавтының бірі ретінде таңдап алынған. Ол ғарыш станциясындағы ғарышкерлермен сөйлесу үшін орыс тілін де үйренген.
Жанетт Мэриленд университетінде аэро-ғарыштық инженерия саласы бойынша PhD ғылыми дәрежесін қорғаған.