Маңғыстау облысы Ақтау қаласында Oil Construction Company (OCC) кәсіпорнының ондаған жұмысшысы Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКК) жабылуына қарсылық ретінде қаңтардың 15-інен бастап аштық жариялайтындары туралы қалалық әкімдікке өтініш берді.
Жұмысшылардың арызын қабылдап алуға шыққан Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Берішбаев оларға "акциялары заңсыз" екені жайлы әкімнің жауабын оқыды. Онда "заң талабын бұзғандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жүктелетіні" туралы ескертілген.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық соты қаңтардың 4-і күні кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жабу туралы шешімін жариялаған.
ҚТКК құрамында болған Oil Construction Company жұмысшылары ресми кәсіподаққа кіргісі келмейтіндерін айтып, тәуелсіз кәсіподақты жабуға қарсылық білдіріп отыр.
ҚТКК басшысы Лариса Харькова кәсіподақ ұйымы билік белгілеген жарты жыл ішінде қайта тіркеуден өтіп үлгермей қалғаны себепті сот шешімімен жабылғанын айтады. ҚТКК 2003 жылы "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына қарасты үш кәсіпорынның негізінде құрылған. Кәсіподақ ұйымның дерегінше, оның құрамында 2100 мүшесі болған.