Accessibility links

Керри: АҚШ Астанада Сирия келіссөзін өткізуді қолдайды


Джон Керри, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы.
Джон Керри, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Вашингтон осы айда Астанада өтеді деп жоспарланған Сирия бойынша бейбіт келіссөзді құптайтынын және келіссөз Сириядағы соғысты тоқтатуға себеп болады деген үмітте екенін мәлімдеді. "Біз Астанадағы келіссөзді қош көреміз. Бұл алға қарай қадам басуға мүмкін береді деген үміттеміз" деді Керри 5 қаңтарда Вашингтонда өткен баспасөз конференциясында.

Сирия үкіметі мен қарулы оппозицияшыл топтар арасында жоспарланған келіссөз Ресей мен Түркияның бастамасымен өтпек.

БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура да келесі айда Женевада Сирия бойынша бейбіт келіссөз өткізуге шақырған.

Желтоқсанның соңында Сирия билігі мен оның одақтастары және оппозицияшыл көтерілісшілер арасында Мәскеу мен Анкараның араағайындығымен әлсіз болса да бітім жасалған. Соған қарамастан, Дамаск маңында қарсылас тараптар арасында ара-тұра қақтығыс болып қалады.

Керри журналистерге мұның алдында БҰҰ-ның Сирия бойынша өкілі Стаффан де Мистурамен, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен сөйлескенін және маңызды мәселелер талқыланатын Женевадағы келіссөзді өткізу әлі де басты мақсат екенін айтты.

XS
SM
MD
LG