Ақтөбеде өткен жылдың маусымында болған қарулы шабуылға қатысты "қызметте әрекетсіздік танытты" деп айыпталған жергілікті полиция басшысы Мақсат Шляшев пен оның орынбасары Ермек Шоқановты прокуратура сотқа дейін кепілге бос қоя берді Бұл туралы Азаттыққа Шляшевтің адвокаты Күләш Манько хабарлады.
Шляшев пен Шоқановты бас прокуратураның тергеу тобы өткен жылдың қазан айында айыптап, үстілерінен қылмыстық іс қозғаған еді. Туыстарының айтуына қарағанда, бас прокуратура істі облыстық прокуратураға тапсырған. Ал облыстық прокуратура "істе қылмыстық құрам жоқ" деп, жапқан. Бірақ кеше бас прокуратураның Шляшев пен Шоқановқа қарсы істі қайта қозғағаны хабарланып, бүгін оларды облыстық прокуратураға тергеуге шақырған.
Адвокат Манько кеше кешке Шляшев пен Шоқановты "қамауға алатыны белгілі болғанын", соны білген олардың туыстары мен таныстары наразылық білдіріп, бүгін облыстық прокуратураның алдына жиналғанын айтады.
Бас прокуратураның алғашқы, яғни 2016 жылғы қазанның 11-інде қабылдаған қылмыстық іс қаулысында бесінші маусым күні жергілікті полиция басшылары "Паллада" қару сататын дүкеніне қаруланған полиция қызметкерлерін жіберіп, одан кейінгі қылмыстардың алдын алу үшін әрекет етпегені айтылады. Прокуратура олар "Паллададағы" шабуылдан соң ұлттық гвардияның 6655 әскери бөліміне кеткен "қарулы топтың жолын кесіп, оларды ұстауға нұсқау бермеген" дейді. Яғни, кәсіби міндеттеріне немқұрайлы қараған.
Адвокаттың айтуынша, прокуратура Шляшев пен Шоқанов шабуыл кезінде "террористерді атып тастауға тиіс болған". Бірақ адвокат пен туыстары шабуыл болған күні Шляшевпен Шоқановта "қару болмағанын", олардың "өздеріне тиісті жарғыға сай әрекет еткенін" айтады.
Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған. Бұл шабуылға қатысты 30-ға тарта адам сотталды.