Accessibility links

Жеті ақтөбелік терроризм айыбымен сотталды


Ақтөбе облыстық сотының ғимараты. Көрнекі сурет
Ақтөбе облыстық сотының ғимараты. Көрнекі сурет

Ақтөбенің облыстық соты 6 қаңтарда жеті тұрғынды "террорлық топ құрып, терроризмді насихаттады", "әлеуметтік алауыздық туғызды" деген айыптармен 6 жылдан 9 жылға дейін соттады. Соттың баспасөз қызметі қылмыс жасаған кезде сотталушылардың екеуі кәмелет жасына толмаған колледж студенттері болғанын айтады.

Тергеу материалдарына қарағанда, жеті адамнан тұратын қылмыстық топ Ақтөбедегі күш құрылымдары өкілдеріне қарсы қарулы джихадқа шығып, кейін Ресейге өтпек болған. Ресейдегі түнгі клубтар мен сауда орталықтарында теракт жасауды жоспарлаған.

Облыстық сот таратқан мәліметте: "Топқа жетекшілік еткен Сағыныш Құдайбергенов 19 тамыз күні төрт жігітті жалдамалы пәтеріне шақырған. Сол жерде жиналғандарды қарулы жихадқа үгіттеп, террористік топтың мақсаты мен міндетін түсіндірген. Сағыныш Құдайбергенов полицияға шабуыл жасау үшін өз үйінен аңшылардың 16 калибрлі екі мылтығын алып шықпаққа бекінген. Жиналғандар сол жерде Сағыныш Құдайбергеновті "әмір" , Еламан Балтабаевты "қазынашы" етіп сайлаған" деп жазылған.

21 тамыз күні Сағыныш Құдайбергенов бастаған топ Ақтөбедегі №13 мектептің ауласына тағы да жиналады. Осы жерде бұл топтың құрамына тағы үш адам қосылған. Тергеу осы топ құрамындағы Қуаныш Есенғұловты "ВКонтакте" желісінде экстремизмді насихаттады" деп те айыптап отыр. Желіге "Холид Сейфуллах" деген атпен тіркелген ол экстремистік сипаттағы материалдарды жиі жариялап тұрған.

Сотталушылар мен олардың адвокаттарынан комментарий алу мүмкін болмады.

Экстремизм айыбы тағылған жеті адам: Сағыныш Құдайбергенов, Еламан Балтабаев, Нұрхан Сейтқали, Қуаныш Есенғұлов, Әбілқайыр Жалғас, Нұржан Сәбитов пен Диас Бисенғали 2016 жылғы 28-30 тамыз аралығында тұтқындалды. Тергеу оларды Қылмыстық кодекстің 257-бабының 1,2-бөлімдері, 174-бабының 1-бөлімі және 256-бабының 2-бөлімі бойынша айыпты деп тапқан.

Сот үкіміне сай Сағыныш Құдайбергенов тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Қуаныш Есенғұловқа да тоғыз жылдық жаза кесілді. Қатаң режим тағайындалған Қуаныш Есенғұловтың мүлкі тәркіленеді. Еламан Балтабаев сегіз жылдық жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Кәмелет жасына тергеу изоляторында толған Нұрхан Сейтқалиға да сегіз жылдық жаза кесілді. Ол жазасын жалпы режимдегі абақтыда өтейді. Кәмелетке тергеу изоляторында толған Әбілқайыр Жалғас алты жылға сотталды. Ол да жазасын жалпы режимдегі абақтыда өтейді. Нұржан Сәбитов пен Диас Бисенғали да алты жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сот Диас Бисенғалидың мүлкін тәркілеуге үкім етті.

XS
SM
MD
LG