Түркия билігі бюджет саласында еңбек ететін алты мыңнан аса адамды қарулы төңкеріс ұйымдастыруға күдікті саналатын оппозициялық діни тұлға Фетхулла Гүленмен байланысы үшін жұмыстан босатқан.
Жұмыстан қуылғандар арасында екі жарым мыңнан астам полиция офицері және екі мыңға жуық әділет министрлігі шенеуніктері бар. Сонымен бірге бір мыңға жуық дәрігер мен алты жүзден аса ғалым да жұмыстан шығарылған.
Түркияда былтыр шілденің 16-сына қараған түні әскери төңкеріс жасамақ болғандардың ойы іске аспай қалды. Анкара бүлікті тексеру барысында он мыңдаған адамды ұстап, қызметтен шеттеткен. Елде жарияланған төтенше жағдай тәртібі қаңтардың 3-і күні тағы ұзартылды.
Осы аптада Түркия соты өткен жаздағы қарулы бүлікке байланысты айыпталған екі әскери қызметкерді өмір бойы бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарған.